6 қыркүйекте Қазақ мемлекеттік циркі алаңында «Eco Almaty» ЖШС-нің ақпараттық қолдауымен қалалық Recycle Бірге экологиялық акциясы өтті. Іс-шара қала тұрғындарын, бизнес өкілдері мен әлеуметтік бастамаларды экологиялық өмір салты мен саналы тұтыну идеясы төңірегінде біріктірді.
Қала тұрғындары қайта өңдеуге жарамды шикізатты тапсырып, қажетсіз заттарын қайта пайдалануға берді, Дармаркаға қатысып, кітаптар мен өсімдіктер алмасты. Сондай-ақ алаңда шебердің сабағы өтіп, жергілікті экологиялық брендтердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Қатысушылар қалдықтарды қайта өңдеу жайлы мағлұмат алып, қажетсіз заттарды қайтадан кәдеге жарату жолдарымен танысты.
Сонымен қатар медициналық аймақ жұмыс істеді. Мұнда қатысушылар қан қысымы мен қандағы қант деңгейін өлшетіп, липидтік профилін тексертіп, мамандардан кеңес ала алды.
Recycle Бірге акциясы Алматыда 2019 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде ол қала тұрғындары экологиялық әдеттерді іс жүзінде қолдана алатын алаңдардың біріне айналды.

















