ECO Almaty

login

  • Қаз
  • Рус
  • Компания туралы
  • Эко-монитор
  • Көрсетілетін қызметтер
  • Іс-әрекеттер
  • Жаңалықтар
  • Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
  • Басшы блогы
  • Байланыс деректері

Алматыдағы автобус парктерінде экологтар талаптардың бұзылғанын анықтады

30.06.2026

Алматыда атмосфералық ауаның ластануын азайту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. 29 маусым күні өткен қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында қоғамдық көліктің экологиялық талаптарды сақтау мәселесі қаралды.

Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бақтыгеревтің айтуынша, автобус парктеріне жүргізілген тексеру барысында экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін 481 газбен жүретін автобус анықталған. Оның ішінде 85 автобуста атмосфераға таралатын зиянды шығарындылар көлемін азайтатын катализаторлар мүлде болмаған.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта тиісті қызметтермен бірлесіп автобустарға катализаторлар орнату және жылжымалы құрамды қолданыстағы экологиялық талаптарға толық сәйкестендіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Талқылау барысында Алматы қалалық мәслихатының төрағасы Мейіржан Отыншиев экологиялық бақылау қоғамдық көлікпен ғана шектелмеуі тиіс екенін атап өтті. Оның пікірінше, коммуналдық техника, құрылыс машиналары және мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін мердігер ұйымдардың көліктері де осындай экологиялық талаптарға сай болуы қажет.

Өз кезегінде Экология және қоршаған орта басқармасының өкілдері коммуналдық техниканы жаңарту бойынша ұсыныстар әзірленіп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, көліктерді экологиялық таза отын түрлеріне көшіру және қозғалтқыштарын заманауи талаптарға сай жаңарту мүмкіндіктері қарастырылып отыр.

Сонымен қатар депутаттар 2026-2028 жылдарға арналған Алматы қаласының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын қарады. Құжатта атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару жүйесін дамыту, су айдындарына мониторинг жүргізу, қаланы көгалдандыру, өзен арналарының қайта жаңғыртылуы және жасыл желектерді қорғау бағытындағы кешенді шаралар қамтылған.

Талқылау қорытындысы бойынша мәслихат депутаттары аталған жоспарды бірауыздан қолдап, оны қаладағы экологиялық жұмыстың негізгі құжаты ретінде қабылдады.

ECO Almaty

© 2025 «Eco Almaty» ЖШС

Құпиялылық саясаты

Азаматтарды қабылдау кестесі

+7 727 578 88 99

info@eco-almaty.kz

  • Instagram
  • Facebook