Алматыда «Ауа сапасын жақсартудағы Қытай тәжірибесі» атты халықаралық семинар өтті. Онда атмосфералық ауаны қорғаудың жаңа талаптарын ескере отырып, экологиялық тәжірибелерді бейімдеу мәселелері талқыланды. Іс-шараны «Алматы қаласын дамыту орталығының» қолдауымен Almaty Air Initiative ұйымдастырды.
Жиынға Қытай экологиялық ғылымдар академиясының (CRAES) мамандары, «Eco Almaty» ЖШС өкілдері және өзге де сарапшылар қатысты. Талқылау барысында ластануды азайтудың тиімді тетіктері мен оларды Алматы жағдайында енгізу жолдары қарастырылды.
CRAES деректеріне сәйкес, 2013 жылдан бері Қытай он жыл ішінде PM2.5 деңгейін 64%-ға төмендетіп, осы кезеңде экономикасын 61%-ға өсірген. Бұл экология мен экономиканы қатар дамытуға болатынын көрсетеді.
Әсіресе, жүйелі тәсілге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, күнделікті мониторинг жүргізу және ластанудың басты көздері — энергетика, көлік, өнеркәсіп пен жылыту жүйелері бойынша нақты шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.
Алматы үшін ұсынылған бағыттар қатарында — таза отынға көшу, кәсіпорындарды жаңғырту және экологиялық бақылауды күшейту мәселелері бар.




